ҒАРЫШТЫ ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТУ БОЙЫНША ТЫҢ ЖОБА

  Көкшетау қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Абылайхан Мухамеджанов «Ғарыш объектілері мен көлік құралдарының жағдайын бақылау жүйесі бар Cubesat стандартты наноспутнигі» жобасын құрастырды. Оның негізгі мақсаты ғарыш қоқыстары мәселесін шешетін шағын ғарыш аппаратын жасау болып табылады.

«Жыл сайын жаңа ғарыш аппараттарының саны артып келеді ал, ескілерінің жұмыс істеу мерзімі аяқталады. Олар ғарыш қоқысына айналып, орбитада қалып қояды. Яғни, жұмыс істеп тұрған ғарыш аппараттарымен соқтығысуы мүмкін. Біздің спутник Cubesat форматымен жасалған, көлемі 10*10*10 см, оның ерекшелігі мөлшерінің шағындығында, сәйкесінше бағасы да арзанырақ болмақ. Тіпті, университтер мен шағын мекемелердің де аталмыш аппаратты ғарышқа жіберу мүмкіндіктері болады»,-дейді Абылайхан.

Жоба жетекшілері Көкшетау қ. Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі Қуаныш Қанапов пен арнайы техника инженері Eвгений  Фомичевтің айтуынша жерсеріктің бортында камерасы бар. Ол арнайы бағдарламаның көмегімен ғарыш қоқыстарын тауып, олар туралы ақпаратты жерге жібереді. Мәліметтерді ғарыш техникаларымен болуы мүмкін соқтығысулардың алдын алып, орбиталарын түзету үшін қолдануға болады екен.

Қазіргі таңда ғарыш қоқыстары туралы мәлімет жинау үшін ғарыш кеңістігін бақылау жүйесі қолданылады. Оның минус тұстары өте көп, – дейді Абылайхан. Атап айтсақ, құрастыру мен қызмет көрсету қымбатқа түседі, электр қуатын тым көп қажет етеді, сондай-ақ, кішкентай мөлшердегі нысандарды бақылай алмайды. Ал, Абылайханның жобасының оң тұстары жетерлік.  Мәселен, нысанды байқау үшін күн сәулесі жеткілікті, өте жоғары қуат көзін қажет етпейді, автономды басқару алгоритмі өлшеудің ең жоғары дәлдігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тіпті, 10 сантиметрден де кішкентай заттар туралы ақпарат жинауға болады.   

Бұл жоба Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өткен желілік жобалар байқауында 2 орын, Республикалық ғылыми жобалар байқауында 3 орынға лайық деп танылып, Бүкілресейлік Балтық ғылым мен инженерлік байқауына және Адам-Жер-Ғарыш халықаралық байқауына жолдама алды.