Ғылыми жобалар байқауы: 20-дан астам жоба ұсынылды

Бүгін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауының мектепішілік кезеңі өтті. 9-12 сынып зияткерлері 20-дан астам жоба ұсынды.

Қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша оқушылар сан түрлі жаңалықтар ұсынды. Зияткерлердің жобалары қоғамдағы, қоршаған ортадағы түрлі мәселелерді шешуге бағытталған.

Мәселен, 9-сынып оқушысы Мерей Мурзабаева көзі нашар көретін адамдарға арналған құрылғы ойлап тапты. «Оның артықшылығы – қолжетімділігінде», – дейді Мерей:

– Әлемдік деңгейде алар болсақ, әрбір отызыншы адам көру жүйесі мәселесіне тап болады. Ал оны шешу жолдары өте аз. Ең ұтымды жол -бионикалық көз жасау. Алайда оның бағасы қымбат. Сондықтан мен арзан балама ретінде «тепловизорды» қолдануды жөн көрдім.

Механикалық энергияны электр энергиясына айналдыру арқылы қалай қуат алуға болады? Бұл сұрақтың шешімін 11-сынып оқушысы Назерке Болат пен 11-сынып оқушысы Томирис Төленді іздеді. Олардың құрылғысы арқылы салауатты өмір салтын ұстанып, оған қоса қажет гаджеттерді қуаттай аламыз:

– Велосипед тепкісін айналдырған кезде, қуат өндіріледі. Біз ол үшін шкифтерді пайдаландық. Осылайша біздің әрекетіміз арқылы электр энергиясы пайда болады. Бұндай құрылғыны кез келген адам өзіне жасай алады, – дейді Томирис Төленді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік шыққан ғылыми жобалар желілік кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болады.

IMG_7735IMG_7734IMG_7733IMG_7732IMG_7730IMG_7729