Тамыз кеңесі: Көкшетаудағы NIS қызметкерлері тәжірибесімен бөлісті

Көкшетаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкерлері «Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» атты білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысып, NIS жүйесінің тәжірибесімен бөлісті.

Бүгін еліміздің барлық өңірінде білім беру қызметкерлерінің «Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» республикалық тамыз кеңесі бастау алды. Педагогтардың дәстүрлі шарасы биыл жаңа форматта ұйымдастырылды. Әр облысқа өзіндік бағыттар бөлінді. Ақмола облысында жазғы демалыс және сауықтыру бағыты бойынша «Жарқын жаз: бақытты балалық шақтың бастауы» тақырыбында өтеді.

Екі күнге созылатын кеңестің алғашқы отырысы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қабырғасында өтті. Жоспарланған үш секцияның жұмысында республика педагогтары кәсіби кадрларды даярлау, сауықтыру орталықтарының рөлі және жазғы кезеңде балаларды жұмыспен қамту идеяларын талқылады.

Үшінші секцияны Көкшетаудағы NIS директоры Шырын Жұмабекова тізгіндеп, баяндамашылардың жұмысын үйлестірді. Алғашқы баяндаманы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерболат Едрисов жасап, NIS-тегі жазғы мектептің жұмысымен, құрылымымен және ерекшеліктерімен таныстырды. Сондай-ақ, жазғы уақытта балаларға ойын-сауық шараларымен қатар, ақыл-ой жұмысын дамытатын, шығармашылықты шыңдайтын үйірмелер ұсынудың маңызына тоқталды.

Директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Сымбат Зыкрина оқушыларды олимпиадаларға, түрлі деңгейдегі додаларға қатыстырудың артықшылықтарын, пайдасын ашып көрсетті. Оған қоса NIS жүйесінде оқушылар ғана емес, педагогтар да оқытудан, даярлаудан, іріктеуден өтетініне баса назар аудартты.

Мектептің кәсіби бағдар беру жөніндегі кеңесшісі Алихан Казиденов жазғы практикалардың, NIS-тегі жобалардың оқушыға берер әсерін, оның мамандық таңдауына ықпал етуін тілге тиек етті.

«Оқушыны төменгі сыныптардан бастап-ақ жұмысқа баулу өз нәтижесін береді. Зияткерлік мектеп оқушылары бұл тұжырымның жарқын үлгісі бола алады», – дейді Алихан.

Қатысушылар әр баяндамашыға сұрақ қойып, өз ойларын ортаға салып, оқушылардың жазғы уақытын ұйымдастыру жөніндегі құнды пікірлерімен бөлісті. Айта кетейік, тамыз кеңесінің жұмысы ертең «Болашақ сарайында» Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың жетекшілігімен жалғасын табады. 

IMG_3304IMG_3383IMG_3378IMG_3375IMG_3365IMG_3349IMG_3348IMG_3339