Словакияның Қазақстандағы елшісі Роберт Кирнаг Көкшетаудағы NIS-те

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Словакияның Қазақстандағы елшісі Роберт Кирнагпен кездесті. Елші «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» жаһандық науқаны аясында мектептегі іс-шараға қатысып, зияткерлерді марапаттады.  

11-сынып оқушылары Согдиана Назарымбетова мен Мирас Маратбеков елші мырзаны қарсы алып, мектептің жабдықталуымен таныстырып, оқу кабинеттерін аралатты. Роберт Кирнаг экскурсия барысында қыш ыдыстардың жасалуын көріп, ағаштан өрнек күйдіріп, тіпті үстел теннисін ойнаудан да бас тартпады.

Мәжіліс залында Роберт мырза мен оқушылар арасында сұхбат ұйымдастырылды. Зияткерлер зорлық-зомбылықтың алдын алу, оның шығу себептері мен күресу жолдары жайында сұрақтарын қойып, мазмұнды жауап алды. Оған қоса оқушылар мектеп қонағына домбыра, жетіген ұлттық аспаптарында күй орындап, әуелете ән шырқады.

Қараша айында мектепте Словакия елшілігімен бірлескен плакаттар мен эссе байқаулары, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-змобылықты жоюға қатысты дебат ойындары ұйымдастырылды. Роберт Кирнаг шараларға белсенді қатысқан 35 оқушыны сертификаттармен марапаттап, мектепке естелік сыйлықтар табыс етті.  

«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» жаһандық науқаны биыл тұтас Қазақстанды қамтыды. Елімізде аккредиттелген БҰҰ дипломатиялық миссиялары мен агенттіктерінің басшылары күш біріктіріп, еліміздің әр өңіріндегі үлкен сынып оқушылары мен ЖОО студенттері арасында байқаулар ұйымдастырды:

– 16 саны символикалық тұрғыда алынды. 16 күн, 16 елшілік, 16 қала. Осы қалалардың қатарына, міне, Көкшетау да қосылды, – деп түйіндеді Роберт Кирнаг.

IMG_9900IMG_9908IMG_9913IMG_9918IMG_9944IMG_9840IMG_9846IMG_9862IMG_9947IMG_9888