Премьера: «Глобус» театр студиясы көрерменімен қайта қауышты

Бүгін Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының премьерасы өтті.

Жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы Көкшетаудағы NIS-те сахналанды. «Глобус» театр студиясының қатысушылары қосымша білім беру педагогі, режиссер Асылбек Ташимовтың жетекшілігімен көрермен қауымға классикалық туындыны асқан шеберлікпен жеткізе білді.

9-10-сынып оқушылары Қозы мен Баянды, Қарабай мен Сарыбайды, Қодар мен Жантықты және өзге де кейіпкерлерді сәтті сомдап шықты. Көзіқарақты көрермен біресе жылап, біресе күліп, драмалық шығарманы толық түйсіне алды. Соңғы сахнадан кейінгі шапалақ даусының үзілмеуі – бұның айқын дәлелі.

– Әсерлі, рухани, мәдени кеш болды. Бүгін осы залда түрлі эмоцияларды сезіне алдық. Оқушыларымыз оқуда қандай озат болса, шығармашылықта да тап сондай, бәрін бірдей алып жүре алады, өз рөлдерін сәтті ойнап шықты. Балаларды дайындаған Асылбек Сәлімжанұлына алғыс білдіремін, – деп түйіндеді кешті мектеп директоры Шырын Жұмабекова.

Айта кетейік, театр студиясының қатысушылары бұл қойылымға 3 айдан астам уақыт бойы тыңғылықты дайындалды. Көрерменің көз жасы мен ұсынылған гүл шоқтары, алғыс сөздері – сахнаның жас әртістерінің еңбегі ақталғанының белгісі.  

IMG_2461IMG_2442IMG_2417IMG_2376IMG_2373IMG_2357IMG_2332IMG_2327IMG_2405