Мектеп ұжымы Тоқат Есенұлын құттықтады

Бүгін Көкшетаудағы NIS ұжымы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Тілеубердин Тоқат Есенұлын зейнет жасқа келуімен құттықтады. Мектеп директоры Шырын Жұмабекова ұлағатты ұстаздың мектеп қабырғасындағы ерен еңбегін атап өтіп, алғыс хат табыстады. Тоқат Есенұлының әріптестері де жылы лебіздерін жеткізіп, биология пәнінің мұғалімі Гүлдана Құрманәлі ән шырқады.

Тоқат Есенұлы. Білім беру саласындағы 45 жыл
Мерейлі жасымен қоса биыл Тоқат Есенұлының білім беру саласында жүргеніне 45 жыл толды. Ол «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы құрылғаннан бері қызмет атқарады, яғни еңбек өтілінің 15 жылын Көкшетаудағы NIS-ке арнаған.
Тоқат Тлеубердин 1987 жылы Қарағанды дене шынықтыру институтын тәмамдаған. Мансабын бұрынғы Көкшетау облысы Калинин мектебінде бастады. Осы уақыттан бері шәкірт тәрбиелеумен, салауатты өмір салтын насихаттаумен айналысып келеді.
Айта кетейік, осы жылы Тоқат Тілеубердин Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.