Көкшетаудағы NIS оқушылары Алматыдан жүлдемен оралды

Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте «Shoqan Ecology-2024» жас ғалымдардың экологиялық форумы өтті. Көкшетаудағы NIS оқушылары оңтүстік астанадан жүлделі орындармен оралды.

«Shoqan Ecology» халықаралық форумы Алматыда осымен екінші рет өткізіліп отыр. Былтырғы жылы да оқушыларымыз аталған байқауға қатысып, Мадина Абатова мен Расул Мейрам 1-орын, Аружан Жәнібек 2-орын иеленген еді.

Осы жылы да зияткерлердің қоржыны жетістіктен кенде емес. 10-сынып оқушысы Аружан Жәнібек 1-орынды жеңіп алса, 9-сынып оқушысы Олжас Темірғали 2-орынға тұрақтады. Сондай-ақ 9-сынып оқушылары Чинара Бисенова мен Ғазиз Мұратбек және Мерей Мырзабаева көшбасшылық қабілеттері мен белсенділік танытқандары үшін мадақтамалармен, ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Аружан Жәнібек байқауға «Жерұйық» атты орталықтандырылған басқармасы бар ауыл шаруашылығы топырақтарын талдауға арналған бағдарламалық-аппараттық кешенін ұсынса, Олжас Темірғали «QazBioGaz» құрылғысының көмегімен жануарлардың соңғы өнімдерінен табиғи газды бөліп алу арқылы оның практикалық маңызын арттыру» жобасын таныстырды.

Айта кетейік, оқушыларды жас ғалымдар форумына дайындап, қатыстырған жетекшілері химия пәнінің мұғалімі Гүлдана Құрманәлі, биология пәнінің мұғалімдері Бахыт Мусагулова мен Лариса Отыншеева да алғыс хаттарға ие болды.

IMG_7364