«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектеріндегі Тәуелсіз Қазақстанның тарихы» конференциясының қорытындысы.

    Көкшетау қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектеріндегі Тәуелсіз Қазақстанның тарихы» атты облыстық конференция ұйымдастырды. Оған Ақмола облысы жалпы білім беретін мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатысты. Аталмыш іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың еңбектеріндегі маңызды идеялары мен игі бастамаларын, стратегиялық құжаттарын зерттеу және бағалау. Байқауда Қорғалжын, Атбасар, Зеренді аудандарының, Көкшетау, Степногорск қалаларының оқушылары белсенділік танытты.
Қатысушылар ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жұмыстары бойынша ұсынылған бағыттардың бірін таңдап, қазақ немесе орыс тілінде жазылған өздерінің баяндамаларын ұсынды. Жұмыстар Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының іске асырылуы; Тәуелсіздік – Қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруы: Қазақстанның жолы – эволюциялық даму; Индустриалды-инновациялық экономиканы құру: жетістіктері мен болашағы; Тәуелсіз Қазақстанның мәдени жетістіктері (білім, ғылым, өнер, рухани даму, ұлттық құңдылықтар). Адам капиталы – ең басты ұлттық ресурс атты бағыттарды қамтыды.

Конференция 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде 24 жұмыс қабылданып, жетеуі ақтық сынға іріктеліп алынды.
Бүгін ұйымдастырушылар ZOOM платформасында екінші, яғни, қорытынды кезеңді өткізді. Оның барысында үздік жұмыстар онлайн форматында тыңдалып, жеңімпаздарға дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.
Сонымен, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектеріндегі Тәуелсіз Қазақстанның тарихы» конференциясының қорытындысы мынадай: Зеренді ауданы, Зеренді ауылының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Нариман Кошаев Бас жүлдені жеңіп алды. Көкшетау қ. №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Айнәзік Акматова 1 орынға ие болды. Қорғалжын ауылы мектеп-гимназиясының намысын қорғаған Адина Құндақбаева мен Атбасар №2 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Жұлдыз Жунусова 2 орынға тұрақтады. Ал, Атбасар ауданы, Сепе ауылының жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Жайна Ноян, №13 мектеп-гимназиясының оқушысы Милана Кариполлаева және Степногорск қ. Абай Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының оқушысы Тимур Шолько 3 орынды өзара бөлісті.
Жүлдергерлер мен жетекшілерін құттықтаймыз!