Голдберг машинасы оқушы көзімен.

  Көкшетау қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 4-сынып оқушысы Алидар Ескендиров «Голдберг машинасы» атты желілік отбасылық байқауға қатысып, бірінші орынға ие болды.

Голдберг машинасы – қарапайым әрекеттерді тым күрделі жолдармен орындайтын құрылғы. Әдетте, «домина принципі» бойынша өзара әрекеттесудің ұзақ тізбегі арқылы жүзеге асырылады.
Аталмыш байқауға қатысу үшін Ескендировтар жанұясына, яғни, Алидар мен оның әкесі Жасланға «Қолды дезинфекциялау – денсаулық кепілі» тақырыбы ұсынылды. Олар соңғы әрекетте антисептикке арналған дозаторы басылуы тиіс машинаны құрастырулары керек болатын.
«Біздің команда ГРиМ деп аталды. Орысша Гром, Раскат И Молния сөздерінен алынған. Жобаны әзірлеуге бірнеше күн жұмсадық. Ақыры, әкем екеуміздің үмітіміз ақталып, бірінші орынға ие болдық»,-дейді жас өнертапқыш.
Алидар өте белсенді оқушы. Бірақ, мұндай байқауға алғаш қатысуы. Әкесі Жаслан Ескендиров «Жобаны баламмен бірге жасау өте қызық болды. Біз басынан аяғына дейін бәрін бірге істедік. Тұжырымдамасын ойластырдық. Зауытқа барып, қажетті металл шарларын алдық. Қалғанын қолда бар заттардан жасап шығардық»,-дейді.
Жеңімпаздарға 150 мың теңгенің сертификатын мектеп директоры Зульфия Уразбекова табыстады.
Өз жұмысына көңілі толып, жеңісіне шексіз қуанған Алидар бұл жетістігіммен тоқтамаймын,-деп отыр. Оқушының алға қойған жоспары ауқымды. 5 жасынан робототехника үйірмесіне барып жүрген ол болашақта өнертапқыш-инженер болуды армандайды.
Алидарды жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта бұдан да жоғары асуларды бағындырып, барлық бастамалары сәтті болсын деп тілейміз!