Аружан Жәнібек – мектеп мақтанышы

12 сәуір – Қазақстанда ғылым күні болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай елорданың төрінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен оқушыларға арналған ғылыми форум өтті. Аталған шарада мектебіміздің 10-сынып оқушысы Аружан Жәнібек министрдің алғыс хатымен марапатталды.

Аружан осы күнге дейін «Ғылымдағы балалар» жобасы аясында бірқатар байқауларға қатысып, жеңіске жеткен еді. Атап айтсақ, Қытайда өткен «7th Belt and Road» мұғалімдер мен оқушылар семинарында жоғары нәтиже көрсетіп, Оңтүстік Кореядағы ICPC шығармашылық жұмыстардың 6-халықаралық конференциясы мен Олимпиада ойындарының алтын жүлде иегері атанды. Осының барлығы министр алғыс хатында атап өтілді:

«Ғылымдағы балалар» жобасы аясында және басқа да түрлі сайыстарда еліміздің атынан Халықаралық ғылыми конкурстарда өз жобаларыңызды ұсынып, жоғары жетістіктерге қол жеткізгеніңіз үшін зор алғысымды білдіремін», – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Аружан министрдің алдында Қытай, Корея сапарларындағы қолдау, ғылыми әлеуетті дамыту, елдің өсуі жолындағы ғылымның үлесі, пайдасы жайында сөз сөйлеп, жаңа құрылғылардың қоршаған ортадағы экологиялық мәселелермен күресуге көмегіне қатысты баяндама жасады.

Айта кетейік, Аружан жақында ғана Алматы қаласындағы «Shoqan Ecology-2024» жас ғалымдардың экологиялық форумында 1-орынды жеңіп алды. Зияткердің қоржынында өзге де республикалық және халықаралық деңгейдегі марапаттар мен жеңістер бар. Оның «Жерұйық» атты орталықтандырылған басқармасы бар ауыл шаруашылығы топырақтарын талдауға арналған бағдарламалық-аппараттық кешені – экологиялық мәселелерді шешудегі тың бастама.

IMG_1009