Мағжан Жұмабаев мұражайында

Мағжан Жұмабаев мұражайында

Жексенбі. Демалыс уақыты. Қызылжар қаласы. Біз бірінші күнгі экспедициядан көп нәрсе күтпедік, себебі Мағжан Жұмабаев халыққа белгілі тұлғалардың бірі. Ол туралы еңбектеген жастан еңкейген кәріге дейін біледі деген ойлар болды. Бірақ біз Мағжан атамыздың мұражайына кіріп барғанда, ұлы тұлға туралы талай сырды өзіне бұғып жатқандай көрінді.

Мұражай іші бетін әйнекпен қаптаған түрлі ақпараттарға толы тақталар, кітап сөрелері мен көнесі мен жаңасы бар кітаптар, әр жерде ілінген киім-кешектер көзге бірден түсті. Ішімнен Мағжан атамыздың тұтынған заттары мен киімдері болу керек деп топшыладым. Бізді мұражай директоры Айгүл Теңдікқызы жылы шыраймен қарсы алды. Ол кісі жағымды үнімен, шешен тілімен оқушылардың назарын өзіне бірден аударып алды. Айгүл Теңдікқызы ақын атамыз туралы біз біле бермейтін көптеген тың ақпаратттар мен деректерді алдымызға жайып салды. Ақын өмірі туралы тыңдай отырып, бойыма Отаншылдық рухты, елге, жерге деген патриоттық сезімім одан әрі ояна түскендей болды. Біз Айгүл Теңдікқызын ортаға алып, өзімізді бұрыннан ойландырып жүрген сұрақтарымызды қойып тағы да біраз нәрселерге қанықтық.  

Сұхбат барысында Мағжан Жұмабаевтың 4 жасынан бастап хат танығанын, 6 тілді еркін менгеріп, Гёте, Достаевский сынды ақын-жазушылардың өнер туындыларын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ аз уақыттың ішінде медициналық ілімнің тұңғиығына еніп, түрмеде кіші дәрігерлік қызметін атқарған.  Мағжан Жұмабаев Алаш орда партиясының құрамына жүріп, Алаш автономиясының құрылуына өз үлесін қосты. Оған тағылған жазықсыз жалаларға қарамастан, өзінің идеялары мен ойларынан бас тартпады. Демократия, территориялық, саяси, экономиялық, мәдени мәселелерді тереңнен қозғап, тоталитарлық режімге ақтық демі қалғанша қарсы болды. Осының бәрін естігенде, Мағжан ақынның қайтпас қайсарлығына, ерлік істеріне, артына өшпейтін із қалдырған өміршеңдігіне іштей сүйсініп тұрдым.

Бүгінгі күнді қорытындылай келсек, біз ақын туралы мәліметтеріміздің өте аз екенін түсіндік және мұражайдан ерекше бір рухани серпіліспен, сезімдерге толы құлшыныспен шықтық. Мағжан атамыздың әлі де ашылмаған, жазылмаған талай қыр, сырын ашуды бір мұражайдың өзі аманаттап тұрғандай. Айгүл Теңдікқызының өзі де отты сөздерімен бізге соны ұқтырғандай болды.

Автор: Ысқақ Бейбарыс 9«С»-сынып оқушысы.