Батыр бабалар сырына үңілу

Батыр бабалар сырына үңілу

Қызылжар қаласындағы саяхатымыз одан әрі жалғасуда. Бір күніміз бір күнімізге ұқсамайтын қызықты сәттерге толы болып келе жатыр. Мәселен, біз бүгін қала сыртына шықпай-ақ 4 нысанға барып үлгердік. Олар: Абылай ханның мұражайлық кешені (Абылай ханның Қызылжар қаласындағы ордасы) мешіт, шіркеу және Солтүстік Қазақстан облысының өлкелік мұражайы.

Осы 4 нысанның ішінде мені ерекше қызықтырғаны Абылай бабамыздың ақ ордасы еді. Бұрын сырттай естісем де бүгін сол бабамның табаны тиген ордаға кіру, баба рухына тағзым ету бақыты бұйырған екен. Біз кірген бетте мұражай қызметкерлері таныстырылым жұмыстарын бастап кетті. Менің назарымды аударған нәрсе Абылай хан 1781 жылы қайтыс болды деген деректі мұражайда 1780 жыл деп жеткізді. Осыған қарсы сұрақ қойғанда, бұл танымал тарихшылардың дәлелденген дерегі деген жауап алдым.   

Мені таң қалдырған тағы бір дүние жауынгерлердің найзаларының ұшындағы желбіреген аттың қылы еді. Оны бұрын драма театрлардан, тарихи кинолардан сан мәрте көрсем де оның сырына ешқашан үңіліп көрмеген екенмін. Енді соған назар салсам, оның зор мән-мағынасы бар екен.  Қазақ жауынгерлерінің найзаларындағы аттың қылының көмегімен найза ұшындағы жауларының қаны найза бойымен ағып, жауынгердің қолын, денесін былғамас үшін, сол байланған аттың қылы арқылы жерге ағады екен.  Бұл былай ойлап қарасаң, жәй нәрсе сияқты, ал пәлсапалық мәніне келсек, бұл дегенің, нағыз гигиеналық тазалықты білдіреді. Бұдан, қазақ халқының мәдениет пен тазалықты қатар алып жүрген ұлы халық екенін еріксіз мойындайсың.  

Менің бұл күнім тағы бір таңданысқа тап болды. Ол қазақтың үш жүзінің басын қосып хан болған Абылай бабамыз тек жібек шапан мен қасқыр ішік киіп қана жүрмегенін, оның әрқашан бес қаруы сай болғанын, тіпті сауытының бір өзі 25 кг, ал дулығасы 7 кг болғанын білдім. Оның үстіне қылышын, қанжарын, тағы басқа қару-жарағын қосыңыз. Сонда осыншама ауыр жүкті көтеріп жүру Абылай хан сынды батыр бағаларымызға тән болса керек. Бабаларымның осындай алып болғанын мақтан етемін.  

Ақ ордадағы тағы да бір ерекше нәрсе Абылай бабамыздың кереуеті. Себебі ол ерекше бір үлгіде жасалған. Кереуеттегі бас пен аяқтың биіктік деңгейі жатқан кезде бірдей болуы.  Бұның құпиясы адамның дұрыс тынығуына мүмкіндік береді екен. Осыдан біз қазақ халқының тынығуға үлкен мән бергенін байқаймыз. Өзіме түйгенім, экспедициядан соң үйімдегі төсектерді осы үлгі бойынша жасақтап көрмекпін.  

Абылай ордасынан кейін Солтүстік Қазақстан облысының өлкелік мұражайында болып, Қызылжар өлкесінің тарихы мен табиғаты туралы ақпараттармен таныс болдық. Көптеген мәліметтермен таныс болып, өзімізге жинап жазып алдық. Нақтырақ айтқанда, Ботай мәдениетімен етене таныстық, түрлі металлдардан жасалған әшекей бұйымдар қазақ өнерінің керемет жетістіктерінің куәсі екенін айғақтай түсті.

Кешке қарай драма театрға барып, спектакль тамашаладық. Одан кейін «Мәңгілік алау» монументіне барып, батыр бабаларымыздың рухына тағзым еттік.

Қорытындылай келсе, бірінші, Абылай хан жайлы оқиғалардың бірнеше нұсқасы бар екенін аңғардық, батыр ханымыз туралы биографияны әлі де толықтыру қажет деп есептеймін. Екінші, батырлардың асынған қару-жарақтарын терең зерттеу қажет сияқты. Олардың әрбір деталінде бір құпия сыр бардай көрінді. Себебі біз білмейтін дүние өте көп екен, әрбір Отанын сүйген азамат мұның бәрін білу керек деп санаймын.

Авторы: Кенжебай Ержан 11«С»-сынып оқушысы.