Әдеби кейіпкерлер шеруі

Әдеби кейіпкерлер шеруі

 

         2014 жылдың екінші тоқсанын мектеп оқушылары Халықаралық мектеп кітапханасы күніне арналған саптүзеуден бастады. Осы іс-шараға дайындалу барысында «Алатау» Шаңырағы бұл мерекені апталық ретінде өткізуді ұсынып, көпшіліктің қолдауын алды. Осылайша, аптаның бірінші күні аталған мерекені насихаттау күні болса, екінші күні медиатека қызметкерлері 7-8 сынып оқушыларына арналған «Кітапты тап» атты қызықты ойынмен жалғастырды. Оқушылардың есінде қалған күн жұма күні болды. Бұл күн сүйікті әдеби кейіпкер күніне арналды. Аталған күні оқушылар өздерінің сүйікті кейіпкерлерінің образын көрсетіп, соларша киініп, қайсыбір кейіпкердің орнында өзі жүргендей әсерге бөленіп, тіпті кейіпкердің мінезін де көрсеткендей болды…  Қыз Жібек, Қожа, Аманай мен Балзия, Шұға мен Абдрахман, Алиса, Пиковая дама, иллюзионист Дэвид, Шерлок Холмс пен Доктор Ватсон, Том Сойер өз досымен, Шляпник пен Королева, Лиса Алиса, Кролик, Кхалиси сияқты кейіпкерлер бір алаңға жиналып, өздері жайлы, көркем әдебиеттің авторы жайлы көптеген мәліметтер берді. Әдеби кейіпкерлер шеруінен басқа, бұл күні жүргізушілер Анастасия мен Алишер жиналған қауыммен әдеби викторина өткізіп, жалпыға тараған кейіпкерлердің туған күндерімен де таныстырып өтті.

          Қазір электронды ақпарат құралдарын көбірек қолданатын заман, алайда ғаламтор, теледидар адам жанының қиян түкпірлеріне бойлай алмайды. Бұл құралдардан біз кітап оқып, зерттеп, барлық оқиға тізбектерін бойыңнан өткізгендей әсер ала алмаймыз. Оқығаның миыңда қалады, бойыңды буады, жүрегіңді жарады, тұла бойыңа сіңеді. Кітаптан оқып білген – дұрыс таңдау деп ойлаймын, сондықтан 
әдеби кітаптарды көбірек оқу керек деп санаймын. Әр баланың  сүйікті, өмір бойы есінде қалатын кейіпкері болады, бір сәт болса да, сол образға еніп, өзіңді әдеби кейіпкер ретінде сезінген қандай тамаша!

 

«Алатау» Шаңырағының

кураторы Мухамедиева Ж.Т.