Әліби Қадыр “Зердеде” 1 орынға ие болды

1-7 сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының “Зерде” XVI Республикалық конкурсы өз мәресіне жетті!

      Аталмыш конкурстың біздің мектеп үшін жемісті болғанын мақтанышпен хабарлаймыз! Көкшетау қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 4-сынып оқушысы Әліби Қадыр осы конкурсқа қатысып 1-орынға ие болды.  Оқушымыз “Адам температурасын автоматты түрде өлшейтін құрылғы” тақырыбында жоба жазған болатын. Әліби зерттеу барысында робототехниканың тарихын, қазіргі заманғы жұмыс роботтарының түрлері мен олардың атқаратын қызметтерін зерттеп, LEGO Mindstorms EV3 конструкторының негізінде адам температурасын автоматты түрде өлшеп, қолын антисептикпен заласыздандыратын құрылғы жасады. Ол құрылғының қолданбалы маңызын анықтау мақсатында Көкшетау қаласы тұрғындарының арасында сауалнама жүргізді. 

      “Құрылғы жұмысы және сауалнама нәтижелері көрсеткендей Әлібидің шығарған роботының тиімді болатыны дәлелденді.

      Пандемия уақытында бұл роботтың қажеттілігі күмән тудырмайды. Бұл құрылғыны дүкендерде, оқу мекемелерінде, кез-келген жабық үй-жайларда қолдануға болады”,-дейді жоба жетекшісі Құндыз Бекужинова. Оқушымыздың еңбегінің бағаланғаны қуантады. Бұл үлкен жетістіктерінің бастамасы болсын деп тілейміз! Мектебіміздің намысын қорғаған Әлібиге және жетекшісі Құндыз Мұратбекқызына алғысымызды білдіреміз!