Менің Атам – Ұлы Отан соғысының Ардагері.

Менің Атам – Ұлы Отан соғысының  Ардагері.

 

1941 жыл. Маусымның 22-сі. Жаздың ыстық күні. Осындай жайма шуақ күнгі тыныштықты соғыс өрті  бұзып, ашық аспанды  соғыс бұлты торлаған.  Бұл кезде менің Атам 16 жасар бұғанасы қатпаған бала екен.  Осы сәттен алаңсыз өмірден тыныштық кетіп, ерлердің барлығы жаппай майданға аттаныпты. Солармен бірге атама дәріс беріп жүрген мұғалімі де  кетіпті де, кешегі мектеп партасында отырған оқушылар колхоз жұмысына араласыпты.

Менің Атам Мағауин Шамел. Ол 1925 жылы 20 мамырда дүниеге келген.1942 жылы  әскер жасына жетпегеніне қарамастан, өз еркімен майданға сұраныпты. Петропавл қаласында төрт ай  әскери дайындықтан өтіп,   бірге оқыған балалар 8-гвардиялық Панфиловшылар  дивизиясына барып қосылыпты. Бұл  дивизияның

Москва қаласының түбінде бекіністе тұрған кезі екен. 

1943 жылы алғаш рет атам жауға қарсы шыққан екен. Ойлап қарасам,  сол кезде атамның жасы  он сегізде болған екен.  Жаумен шайқасып жүріп  жарақаттанып, дала госпиталінде емделген. Содан кейін қайтадан өз дивизиясына келіп  қосылған екен. 

Мен өзімнің замандастарыммен  атам айтқан бір оқиғамен бөліскім келіп тұр.

1944 жылдың күз айында рота командирі Атамды шақырып алып: «Жолдас сержант, жаныңа бір солдат ал да 3-4 шақырым жерге дейін дейін барып немістердің қай жерде екенін барлап кел», – деп тапсырма берген екен. Менің Атам осы тапсырманы орындауға  3-4 шақырым жерге өзінің  майдандас досымен бірге барған. Сонда олар жаудың төрт солдатын   көріп оларды қолға түсіріп, олардан жақын маңдағы   хуторда жау әскері  бекініс жасап жатқанын біліп алады. Көп ойланбай сол хуторды қоршауға алған.        

1945 жылы кезекті бір шайқаста  Атам жарақаттанып,  Одесса госпиталіне  түседі. Осы уақытта КСРО Берлинді жаулап алып, Ұлы Отан соғысы біздің әскердің жеңісімен аяқталған.

Соғыстан кейін  Атам  туған жеріне қайта оралып, ауылда хатшы  қызметін атқарған. Сол жерден зейнеткер атанып,  құрметті еңбек демалысына шыққан. Бүгінгі таңда менің Атам Көкшетау қаласында  бала-шағасының ортасында өмір сүріп жатыр. Биылғы жылғы Ұлы Отан соғысының 70 жылды мерекесімен қатар біз, немере-шөберелері,  Атамыздың мерейлі 90 жылдығын тойлаймыз.

Мен Атамның   ерліктерін, өмір жолын әрқашан мақтан етемін және Атамның амандығын тілеймін.  

 

Магавин Арыстан

7«В» сынып оқушысы