Білім жүйесіндегі оң қадамдар

Білім жүйесіндегі оң қадамдар

Қазіргі жаңаша білім беру жүйесі – қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибені жаңарту мен жаңаша оқытуды талап етеді. Ол –  уақыт сұранысы. Сондықтан ұстаз ағып жатқан өзен сияқты болу керек. Ағын тоқтаған кезде «өлі су», «жайдақ су» пайда болады. Ендеше,  ұстаз сұранысы – үздіксіз білім алу, іздену, жаңашылдыққа бет бұру. Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі осы мақсатта тың идеяларға, жаңаша үрдіске қадам басуда. Сол жұмыстардың бірі ретінде мектебімізде 22 желтоқсан күні педагогикалық оқытудың ерекше әрі күрделі бір бөлігі  «Дарынды  оқушыларға арналған оқу жоспарының (сабақ жоспарының) дифференциациясы» тақырыбында коучинг өтті. Аталмыш коучингтің мақсаты түрлі пән мұғалімдерін бірге, бір мақсатқа жұмылдыра отырып, педагогикалық қызметтегі кедергілер мен күрделенген мәселелерді бірлесе шешу болып табылады. Коучинг барысында саралап (дифференциация) оқытудың жеделдетілген, күрделенген, тереңдетілген, проблемалық және шығармашылық принциптерімен танысу, талқылау, қолдану жұмыстары жүргізілді. Онда орта мерзімді оқу жоспары мен қысқа мерзімді сабақ жоспарына тақырыптарды жеделдетіп оқытудың әдістері мен жолдары, ал тапсырмалар құрастыруда күрделі және тереңдетілген принциптерді енгізу, сондай-ақ оқушыларды мәселеге бағытталған оқыту мен шығармашылыққа жетелеудің қағидаттарын қолдану жолдары қарастырылды. Семинар кезінде түрлі пән мұғалімдері бірлесе отырып бірнеше пәнаралық байланысы бар күрделенген тапсырмаларды әзірлеп, ұжым алдында қорғап, белсенділік танытты.