04uw0wa3wfm

Жарқын болашақ бүгіннен басталады

Миссиясы: Адамгершiлiк құндылықтарға негiзделген отандық жəне халықаралық озық тəжiрибенi енгiзу арқылы көпмəдениеттi, өз елiнiң шынайы патриоты болатын азаматты қалыптастыруға ықпал ететiн қолайлы бiлiм беру ортасын құру.

Пайымдау:   Бiздiң түлектер – үш тiлдi еркiн меңгерген, сыни ойлай алатын, туған өлкесiнiң тарихын бiлетiн, өмiр бойы үздiксiз бiлiм алуға қабiлеттi əлем азаматтары.

Сыр мен сымбаттың елі, сұлулық атты қымбаттың елі – Көкшетау. Өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығына бай Көкше елінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Көкшетау қаласында «физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалы өз есігін айқара ашты.

Мектепте 807 оқушы білім алуда және 72 оқу кабинеті бар. Олардың ішінде математика, техникалық модельдеу кабинеттері, робототехника, физика, химия, биология зертханалары, кіші және үлкен спортзалдары, мектеп территориясында футбол корты мен 2 кітапхана бар.

Әлемдік білім беру кеңістігіне табысты кірігуді және оқушылардың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында 2 кітапхана жұмыс жасауда. Мектепте стратегиялық әріптес-Кембридж университетімен бірлесіп әзірленген «NIS – Programme» білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Оқу пәндерінің мазмұны жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша бейіндеуді ескере отырып, қазақстандық және халықаралық бағдарламалардың интеграциясына негізделген.

2017 жылдың маусым айында мектеп Халықаралық Мектептер кеңесінде (Council of International Schools – CIS) аккредиттелді. CIS мүшесі бола отырып, мектеп өмірі мен оқу процесін ұйымдастырудың халықаралық стандарттарына сәйкестігін растады. Сондай-ақ, мектеп оқушылары басқа халықаралық мектептермен онлайн конференциялар, пікірталастар форматында табысты ынтымақтасуда. Олар Үндістанның «Purwanchal Vidyamandir» мектебі, Калькутта қаласы, Ұлыбританияның «Wapping High school» мектебі, Лондон қаласы және Е. М. Примаков атындағы Мәскеу облысындағы гимназия.

2011 жылдан 2021 жылға дейін мектепті 799 түлек аяқтады. Бүгінде олар Назарбаев Университетінің, Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Қазақстан экономика және болжамдау менеджменті институтының, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және басқа да беделді отандық жоғары оқу орындарының студенттері. Мектеп түлектері Ұлыбритания, Канада, Гонконг, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Кипр, Испания, Италия, Швейцария, Венгрия, Польша, Болгария, Эстония, Литва, Ресей, Беларусь жоғары оқу орындарында табысты білім алуда.

Сонымен қатар Көкшетау қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі әдістемелік орталық болып табылады, негізгі мақсаты «ауыл мектебі» жобасы шеңберінде қатысатын Ақмола облысының жетекші мектептерінің, Бұланды және Бурабай аудандарының мектептерінің педагогикалық ұжымдарына, Ақмола облысының аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттерінің әдіскерлеріне, сондай-ақ өңірдің колледждері мен жоғары оқу орындарының түлектеріне білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде тәжірибе алмасу және әдістемелік қолдау көрсету болып табылады.