100 күйдің тарихы

ЕрнарАменов Ернар

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 10 сынып

Әңгіме қазақ ұлтының басқалардан өзгешелігін паш етіп, небір халықаралық ұлы думандарда домбыра үнімен аспан астын дүбірге толтыратын күй құдіретінің орны жайлы болмақ. Бүгінгі күні теледидарда, радиода қазақтың жан дүниесіне, ұғымына, тәрбиесіне жат музыка басып бара жатқаны баршаға мәлім. Осы жай мені де қатты толғандырады. Сондықтан да біздің мектепте бастау алған «100 күйдің тарихы» жобасы мені қуантты. Осы жоба жүзеге асырыла бастасымен әр Шаңырақ бейсенбі сайын қазақ халқының бір күйін таңдап, жұп, топ болып сол күйдің пайда болуын, ел арасында белгілі болуын, оның авторлары жайлы мағлұмат қарастырып, зерттеп, зерделеп оқушылар назарына ұсынады. Бірде күйде күмбірлетіп домбыра мен қобызда Шаңырақ оқушылары орындап берсе, кейде техникалық құралдар арқылы тыңдаймыз. Жобаны жүзеге асыру барысында алдымен Шаңырақ болып жоспар құрып, бірінші кезекте жерлес ағамыз, еңбек сіңірген қызметкер, композитор, күйші, дирижер    Манарбек Бексеитовтың мұрасынан бастамақ болып шештік.

Осыған орай «Аққу әні», «Көкшетау вальсі» және «Көкшетау маршы» күйлерімен танысып, ағамыздың өмір жолы жайлы көптеген ақпарат алдық.  

Ол кісі жақсы және жарқын жүзді адам болған. Оның бойын қарапайымдылық пен ізеттілік қасиеттері билеген. Манарбек Касымұлы біздің өлкеде мәдениет пен өнердің дамуына үлкен үлес қосқан. Қаладағы жастарға да үлкен қолдауын көрсеткен. Қазақ отбасыларынан шыққан талантты жандарға музыка өнеріне деген жолын ашты.

   Бұл тұлға арқасында өз қаламыздың мәдениеті мен музыка өнері жоғары деңгейге жеткен. Осындай кішігірім жобалардан бастау алып, одан әрі қазақтың ұлттық өнері өз қасиетін жоғалтпай қала беретініне қуаныштымын.

____________________________________________________________________________________________________________________

Аружан

Оразалинова Аружан

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 10 сынып

Қазақ халқының дәстүрлі әуені – рухани мұраның ең бай қазынасы. Қазақ даласы ғасырлар бойы шабытты поэзиямен, орынды шешендікпен, жалынды күйлер және шын жүректен шыққан әндермен өмір сүрген. «Құдай әрбір қазақты жаратқанда жүрегіне күйдің бір бөлігін сіңірген»,- деп халық аузында таралып кеткен сөздей, қазақ өмірі əуенмен тікелей байланысты. Ғасырлар бойы музыкалық мəдениет, соның ішінде күйлердің шығарылып сақталуы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырады. Қолдарына бал тамған, талантты композиторлардың осыған қосқан үлестері зор. Күй өнері – қазақ халқының ең басты рухани байлығының, жан дүние байлығының ең бір киелі, қасиетті қазынасы. Ата-әжелеріміздің айтуынша бұрынырақта ауылдағы ірілі-уақты той-томалақтарда, бәрінің басы қосылып бір үйде мәжіліс құрып отырғанда, ортаға ауылдың бір күйшісін алдыртып, күй тыңдау таңқалдыратын жағдай болмаған. Ал бүгінгі күні домбыра шертіп, сарындата күй тартатын адамды саусақпен санап шығуға болады десем қателеспеймін.   Ол кезде екінің бірі домбырамен ән салып, не күй тартатын. Ал бүгін ше… Не болды? Мен осы сұрақты өзіме жиі қоятынмын. Себебі мен ұлттық музыканы, жалпы музыканы қатты сүйемін.

Біздің мектепте былтырғы жылдан бастап «100 күйдің тарихы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба барысында Кенжебек Күмісбековтың  “Өмір жолы” ,  “Фараби сазы” шығармаларымен қатар Абайдың, Дәулеткерейдің күйлерімен таныстық.
Қазақ халқының музыкасы халық дарындылығы мен даналығын көрсете біледі деп ойлаймын. Сондықтан да, күйші- композиторларымыздың шығармалары  болашағымызды, сақтап қалу үшін, қазақ музыкасын дамыту үшін өте маңызды. Бұл жоба бұдан әрі де өз жалғасын тауып, одан бетер шабыттана түседі дегенге сенемін.

_____________________________________________________________________________________________________________________

Аружан ТолегенТөлеген Аружан

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 8 сынып

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов кезінде «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген. Күйге бұдан артық баға беру де қиын.

Күй –атадан балаға жетіп, қадірлеп, көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы- домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, сүргіленіп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған. Бірақ  қазіргі таңдағы жастар күйлерді тек қана радио немесе теледидардан тыңдап отырады, сонымен қатар күйлерді мүлдем тыңдамайтын жастардың саны да аз емес. Себебі, шет елдермен байланысымыз артып келеді. Батыс музыкасы төрімізге шықты. Осындай сын шақта ескі замандардан келе жатқан, ұлттығымызды танытатын, бойымызға ұлттық рух беретін ұлттық өнерімізден, онда да күй өнерінен қол үзіп қалмау – зор міндет.

 Еліміздің бірқатар зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым», «Бір әннің тарихы», «Бір күйдің тарихы», «Оқу уақыты» т.б.  шаралар ұмытылмас дәстүрге айналып келеді. Бұл шаралар жаңа жетіліп келе жатқан жас қауымның бойына ұлттық рухқа деген сүйіспеншілікпен қатар,  рухани жаңғыруға деген ұмтылысқа жетелейтіні анық. Сонымен қатар «100 күйдің тарихы» атты жобасы ұйымдастырылып, өткізілуде.

Жобаны жүзеге асыру барысында 1 күй таңдалып, оның шығу тарихы, авторының өмірбаяны  айтылады. Бұл арқылы оқушыларда ұлттық сана, ұлтты сүю, қадірлеу сияқты қасиеттер ғана емес сонымен қатар ұйымдастырушылық және ұжыммен жұмыс істеу дағдылары дамытылады.

Мысалы біздің Шаңырақта бұл жоба келесідегідей жүзеге асырылады. Алдымен біз бір күйді таңдап оның авторы мен күйдің шығу тарихы туралы ақпараттарды ғаламтордан және әдеби кітаптардан іздейміз. Керек ақпарат табылғаннан кейін оны презентацияға түсіреміз, осы күймен байланысты бейнебаянды Шаңыраққа көрсетеміз, ал соңында домбырашы оқушылар сол күйдің үзіндісін шертіп береді.

Қортындылайтын болсам, қазақ халқы күйден ажырамауы тиіс. Қайта дамыта түскеніміз абзал. Ата-анамның айтуы бойынша  өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары аудан орталығын айтпағанда әр ауылдың, әр мектептің өз домбыра оркестрі болатын. Осы дәстүрден айрылып қалғандаймыз. Бұл өнегелі іс қайта жаңғыруы қажет деп ойлаймын. Ұлттық сана, ұлтты сүю, қадірлеу бабаларымыз аманат етіп кеткен дәстүрден, өнерден бастау алатынын ұмытпағанымыз абзал деген ойды жеткізгім келеді.

Толғаулы, сырлы өнеріміздің көсегесін көгертіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра беру – мерейлі парыз.

____________________________________________________________________________________________________________________

ДильназОлжабаева Дильназ Маратовна

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 9 сынып

Күй өнері қазақ халқында аса бағалы. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқы күй өнерін басқалардан артық көрген десе де болады. Күйді көңілдің кілті деп  танығанына қарап, жанына рақат сыйлар құдіретін танығанынан болар деймін.

Біресе желдіртіп, біресе желпіндіре соғып, тұла бойды шымырлатып, алпыс екі тамырды идірген күй құдіретіне тамсанбау мүлдем мүмкін емес!

Басқаны қайдан, ес білгелі білетінім әжемнің үйдегі теледидардан тыңдаған әсем күйлері. Әжемнің күй тартқан шеберлігін көрмесем де, күй тыңдаудан жалықпайтынын жақсы білемін. Себебі, күй орындалып біткенше теледидар каналын ауыстыруға болмайтынын ағамыз екеуіміз жақсы түсінеміз. Әжемізбен бірге біз де күй тыңдауды осылайша үйрендік. Әсіресе қазіргі кездегі күй шебері Асылбек Еңсеповтың «Көңіл толқыны» біздің үйдегі сүйікті әуен.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты биылғы жолдауы аясында қолға алынып отырған «100 күйдің тарихы» деген жоба менің де күй өнеріне деген қызығушылығымды тудырғандай. Халқымның күмбірлі күйлерін жинақтап, болашаққа танытуды мақсат еткен бұл шара шынымен де қызықты болып отыр.

Ақпараттарды ақтара отырып, Абылай ханның «Шаңды жорық» атты күйінің тарихы менің назарымды ерекше аударды.

Абылай ханның бұдан да басқа бірнеше күйлері болған екен. Солардың ішіндегі «Шаңды жорық» Абылай заманындағы жоңғар мен қазақтың арасындағы қырғын соғыстың шежіресі. Екі жүз жылдық қырғын соғыстың соңғы нүктесін қойған, тарихта аты қалған жойқын ерліктің тарихы. Абылайдың сенімді батыры болған, жаудан беті қайтып көрмеген жаужүрек Баян батырдың апат болғандағы қанды қырғын шақта дүниеге келген туындысы. Жазушы Мұхтар Мағауин бұл туралы: Шаңды жорық, шаңы бұрқыраған жорық емес, иек даланы қан сасытқан қазақ пен қалмақтың арасында болған ең бір аяусыз, ең бір қатал, құрбандығы шектен шыққан, аса зор,  әрі жойқын қырғын соғыстың болғанын айтқан.

Сезіміңді сергітер, қуаты бар күй өнерінің киелілігі мен тектілігін тауысып айту мүмкін емес деп ойлаймын. Халқымыздың осындай бай мұрасын болашағына танытуға арналған осындай игі бастамалардың одан әрі  жандануына мен де өз үлесімді қосқым келеді.

_____________________________________________________________________________________________________________________

АкбибіЕгінбай Ақбибі Бақытбекқызы

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 9 сынып

Мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз жер жайлап, болашақ ұрпағы үшін қолайлы мекен іздеген. Біз үшін қан мен терін төгіп, болашағымыз үшін бар жанын салған. Жер мен шекарадан бөлек, ата-бабамыздың қалдырып кеткен үлкен мұрасы бар. Ол – мәдениет.

Бірақ осы мәдениеттің қазіргі кездегі көрінісі өкінішті-ақ. Жастар ғана емес, орта буын аға-әпкелереміз өздерінің салт-дәстүрлерін, ойындарын біле қоймайды. Ойынын қой, тіпті ұлттық музыканы ұмытып барады.

Қазақтың көне де, киелі домбырасын бәрі біледі, иә. Алайда осы домбырада ойналатын күйлер барлығына таныс емес. «Ақсақ киік», «Түркмен күй», «Балбырауын» деген күйлерді, сөзсіз, кез-келген жан таниды. Одан басқа білетініміз жоқ.

Бұл мәселелерді қолға алу мақсатында еліміз жаңа жобалар бастады. Соның бірі – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». Осы жоба аясында елімізде көптеген бағдарламалар жүргізіліп жатыр.

Еліміз үшін осындай деңгейлі мәселеден «Назарбаев Зияткерлік мектептер» желісі де жай қалмады. «100 әннің тарихы» деген жобасын апта сайын жүргізіп, оқушыларды қазақтың ұлттық әндерімен тереңірек таныстырып жатыр. Бұдан бөлек, жақында қосылған жаңа жоба – «100 күйдің тарихы».

Осы жобаның көмегімен, оқушылар бұрын естімеген жаңа күйлерді танып, білуде. Олардың шығу тарихына үңіліп, күйлердің өздерін де тыңдай алады.

Аптасына тым болмаса бір рет ұлттық күйді тыңдау сана-сезімге әсер етеді. Бала ендігі күндері күйлерді тыңдай бастамаса да, оның ой-өрісі дамып, ол өзін жан-жақты тұлға ретінде қалыптастырады. Осындай жобалардың баршылығы Қазақстан жастарының азамат ретінде қалыптасуын реттейді.

_____________________________________________________________________________________________________________________

ЖаксылыковаЖақсылықова Аружан

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 12 сынып

Әр мемлекеттің тұрақты даму іргетасы үш алып пілден: саяси реформа, экономикалық жаңғыру мен ұлттық сана-сезімнің заман талабына сай өзгеруінен тұрады. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері елімізде талай бағдарламалар жүзеге асырылды, ал ендігі кезек адами капиталдың рухани дамуына келіп жетті.  Өмірдің ащы-тұщысын көрген, болашаққа үміт артқан халық қазіргі құбылмалы әлемде рухани тұрғыда айбар мінезді, айтушы ердің ұстасындай шешен және айбалтаның сабындай мықты бола біліуі шарт. Бұл маңызды факторды ескерген халқы үшін жаны пида Елбасымыз арнайы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен мемлекеттің келешектегі бағыт-бағдарын мақалада жариялады.

Аталған жоба халықты басқа әлем халықтарынан ерекшелейтін «ұлттық кодты» сақтап қалуға бағытталған. Үлкен талпыныс пен ынтаны талап етіп, адам дамуының барлық салаларын қамтитын бұл бағдарлама бірнеше тарауды қамтиды. Алғашқысы- көзді ашып-жұмғанша дамып, ұдайы өзгеріп жатқан әлемде бәсекеге қабілетті бола білу. Екіншіден, халқымыз шынайы мәдениет қағидаларын ұстанып, ғаламшарды үркіткен радикалды идеологияға тосқауыл жасап, прагматик болуы тиіс. Үшіншіден, ұлттық сана-сезімді сақтай отырып, оның кей тұстары мен сипаттарын өзгерте отырып спектрін кеңейту. Келер жылдары халықаралық үлгіге сай замануи білім алып, жоғары дәрежелі мамандар даярлау, латын қарпіндегі қазақ тілін меңгеру, әлемдік өзгерістерге дайын болу, шетелдік ең озық жетістктер мен тәжіриберлерді толыққанды бойға сіңіру біздің алдымызда тұрған міндеттер болып табылады. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында “Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуын” ерекше атап өтеді. Себебі, кішігірім қадамдармен бір қарқында даму болашақта тұрақты саяси жағдай, экономикалық және әлеуметтік ілгерілеудің кепілі болары сөзсіз.

«Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы  аясында өзім оқитын Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақы мәдениеттің мәртебесін арттыратын көптеген іс-шаралар мен жобалар қолға алынып, жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясы,«Бір əннің тарихы», «Жүз күйдің тарихы» мен «100 кітап» жобалары. Осы аталған əр іс-шараға өз басым белсенді қатысып, ұлтымның қыр-сырын таныған едім. Бұл жобалар оқушыларға мектеп қабырғасында өз елін зерттеуге, өнердің жас дарындарын табуға жəне əр адамның жадында жатқан ұлттық кодты сақтап қалуға септігін тигізеді.

Осылардың ішінде «Жүз күйдің тарихы» жобасына тереңірек тоқталғым келеді. Себебі осы жоба арқасында өзімді көптен мазалап жүрген сұрақтарға: «Осы домбыра, күй сөздері қайдан шыққан? Нені білдіреді? Ол қай кезден бар? Неге домбыра қазақ арасында соншама кең таралған?», деген сұрақтарға жауап алдым.

Байырғы кезде қазақ үйінің төрінде әрдайым домбыра  ілулі тұрған немесе үй-ішінің  біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде-кем  болғанын түсіндім. Сонымен қоса бұл жоба оқушылардың көркемдік дамуына, шығармашылық қабілетінің шыңдалуына үлкен үлес қосуда.

          Жылдар бойы Президентіміздің салиқалы да өнегелі саясатын бақылап өскендіктен мен тарихи маңызы терең бағдарламаға өз үлесімді қосқым келеді. Осы себепті, Елбасымыздың : «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман»,- деген сөздерін өмірімнің темірқазығы етіп алып, Қазақстан жастарына өз өлеңіммен үндеу салуды жөн көрдім.

Тәуелсіздік тұғырының шыңында,

Қазақ елі өзінің 26 жасында

Бағындырды көз жетпейтін белесті,

Жеңді қиындық атты елесті.

 

Бар халықтың жүрегінде бір арман,

Елбасымыз ұстанған ол бір байлам:

Ең дамыған 30 елмен теңесу,

Бірлік сақтап, бір-бірімен жүздесу.

 

Қайта түлеу іске асты елімде,

Саясат пен қаражат өзгермеді бір күнде.

Кешегінің елесі болды сабақ еліме,

Болашақтың жаңғырығы естіледі бұл үнде.

 

Өткен ғасыр таптаурын тас қағидат,

Сүрінбеудің асыл кілті жас ұрпаққа аманат.

Кешегі құлдық санадан арылу келеді олар қолынан,

Түсінеді тек оларды айбарлы қазақ жамағат.

 

Білім менен ғылымның атты таңы арайлы!

Оқы, үйрен, шық алға жас өркеннің тарланы.

Әлемнің бар тілдерін жетік меңгер,

Көресің, ертең болмайды еңбегің бекер.

 

Латын қарпі тілдесудің алаңы,

Бұл өзгеріс жаңа заман талабы,

Елбасының бастамасы біз үшін

Үңгірден жол табатын айқын жалын алауы.

 

Бәсекеден қорықпа, бас қадамды!

Кіндік тамған жерің менен еліңді

Ешқашанда ұмытпа жүрсең-дағыалыста.

Халқыңды ойла, бол қайсарлы, шыдамды,

Бірлік пенен жүректің бол жалынды жақтасы,

Сонда ғана болады анық:

Қазағымның артта жүріп қалмасы.