ЖАЗҒЫ МЕКТЕП АЯҚТАЛДЫ

31 мамыр мен 11 маусым аралығында барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Жазғы мектеп» курсы өтті. Көкшетаулық оқушылар да екі апталық курсқа белсенді ат салысып, білімдерін тереңдету мүмкіндігіне ие болды. Оқушылар шешендік өнер, қызықты биология, химиялық мозайка, тоғызқұмалақ сынды көптеген бағыттар бойынша білімдерін тереңдетті.

«Жазғы мектеп»  аясында бастауыш және 7 сынып оқушылары арасында өнер пәнінен әр түрлі тақырыптарда сабақтар өткізілді. Оқушылар сабаққа үлкен ынтамен қатысып, берілген тақырыптар бойынша тапсырмаларды орындауда белсенділік танытты. Бағдарлама бойынша жоспарланған іс-шаралар толығымен орындалып,  қойылған мақсаттарға қол жеткіздік»,- дейді курс жұмысын қорытындылаған эстетика бағытындағы әдістеме бірлестігінің мұғалімдері.Биология пәні бойынша «Қызықты биология» тақырыбында сабақ өткізген Жанаргүл Жетпісбаева сабақтың басты мақсатының оқушылардың пәнге деген қызығушылығын одан әрі арттыру екендігін айтуда. «Алғашқы сабақта биологияның даму тарихы, биология ғылымының салалары қарастырылды. Сабақта оқушылардың жалпы эрудициясын қалыптастыратын викториналық сұрақтар, ребустар, қызықты фактілер талданып қарастырылды. Викториналар, «Не? Қайда? Қашан?» ойындары өткізілді. Соңғы сабақтар олимпиадалық тапсырмалармен аяқталды. Оқушылар белсенді араласып, жауаптарға ауызша, жазбаша жауап беріп отырды», – дейді пән мұғалімі.

Жалпы, жазғы мектеп бағдарламасы оқушылардың көңілінен шықты. Олар бірауыздан екі аптаның жаңашылдықтарға, қызықты ақпараттарға толы болуын айтуда.

«Жазғы мектеп мен үшін өте танымды, әсерлі әрі қызықты өтті! Сабақтар барысында теориядан бөлек викториналар, ойындар және сайыстар ұйымдастырылып, оқуға деген құштарлығымыз одан әрі арта түсті. Зерттеушілік, ізденіске құралған тапсырмалар да кездесті.  Көптеген жаңа мәліметтерді игердік. Ағылшын сабақтары өте жоғары деңгейде өтті. Әр сабағымыз әртүрлі форматта өткізілді. “Тоғызқұмалақ” ойынын біз арнайы платформада ойнадық. Аталған ойын менде ерекше эмоция тудырды. Сапалы білім алып, білімімнің шындала түскеніне өте қуаныштымын! Жазғы мектеп ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін!»,-деп 7 «А» сыныбының оқушысы Томирис Төленді ағынан жарылды.