Жас қаламгер

fonstola.ru-47927

Ұшып кеткен тырналар

   Соғыс өтті, бірақ сол сұрапыл соғысқа кеткендер оралмады. Жауынгер қаһармандар көк аспанға алыстан естіліп, жүрек тербелтетін құстардың жан айқайына тән ауыр сезіммен ұшып кете барды.
   Ұлы Отан соғысы сол кездегі Кеңес үкіметінің отбасыларында өшпес із қалдырды. Соғыс өзінің тасжүрек кескінін Газдановтардың отбасында қалдырды. Ана жүрек өзінің тепсе темір үзетін жеті ұлын сол Отан анасын қорғау үшін әскер қылып қатігез соғысқа жіберді. Ауылда жеті ұлдың анасының құрметіне көк аспанда қалықтап ұшып бара жатқан жеті құс бейнесіндегі ескерткіш орнатты. Осынау жүректі тебірентер, қандай да қалың мұзды, қандай да қатігез тасжүректі жібітер тарихи мәні зор ескерткішке дағыстанның ұлы жазушы, өнерлі ақыны Расул Гамзатов «Журавли» атты туындысын жазды.
   Менің көзқарасым бойынша, біздің уақыт, егемен ел мен дәл осы күн үшін шешуші сәтте ерлік көрсетіп, өте жауыпты да батыл қадамға Отан анасын қорғау үшін сұрапыл соғысқа барған ардагерлер өте кішкентай, лашыққа ұқсайтын үйлерде ешқандай әлеуметтік я материалдық, немесе моралдық көмексіз, тым құрығанда ешқандай назар ілтипатсыз нашар жағдайда тұрып жатқаны жан түршіктірер оқиға. Біздің болашағымыз үшін қасық қаны қалғанша арпалысып, өліспей беріспеген ардагерлердің осындай жағдайда тұрып жатқаны сезімі бар адамды шынымен ойландырады.
   Неге біз осы ардагерлер туралы тек мамырдың мерекелерінің қарсаңында еске аламыз? Осы көп адамның өмірін қиған, көп жарқын жұлдыздардың тағдырына балта шапқан соғысқа Отан ана үшін барған ардагерлердің саны қазір саусақпен санарлықтай ғана қалды емес пе?! Біз, егемен еліміздің жарқын болашағы, елбасының зияткерлік мектебінің оқушылары, шегі жоқ шексіз әлемнің азаматтары тарихқа өшпес із қалдырған соғыс ардагерлерін қорғауға борыштымыз, оларға мүмкіндігінше қолайлы жағдайларды жасап, қасық қаны қалғанша арпалысып алып берген тәуелсіз елде, егемен күнде барынша жақсы өмірді қамтамасыз етуге тиістіміз.

8 «С» оқушысы

Сейітқали Лина.

Тырналар-тұңғиық армандар!

  Соғыстың жеңіспен аяқталғанына да біршама жыл өтіпті. Жеңіс адамзатқа оңайлықпен келген жоқ. Халқымыздың төзімділігі мен ержүректілігінің арқасында бейбіт күнге жеттік. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір шайқас болмады. Қазақ елі басына күн туған кезде жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен алып тастаған болатын. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған оқтың арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып,гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.
  Кей жанұя әкесінен, анасынан, аналар жарларынан айырылып, жесір атанса, сәбилер ата-аналарынан айрылып жетім атанды. Аспанда ұшқан тырналарды көрсем, бейне бір соғыстан оралмаған елі, жері үшін қаза болған жауынгерлер көз алдыма елестейді. Сол ұшып жүрген тырналарда қаншама мұң-қайғы көрініп тұрғандай. 

  Қанаттарын еркін желпіп ұша алмай жүргендері, туған еліне, жеріне жете алмаған боздақтар іспетті.Әуеде қалықтаған тырналар бойынан өмір сүруге деген құштарлықты сезгендеймін, жете алмаған армандар мен мұң-қайғыны көргендеймін. Соғыста қаза болған боздақтарымыздың жасаған ерлігі мен есімдері мәңгі ұмытылмайды. Сол ерліктердің жемісі – Жеңіс.
  Жеңіс барша халыққа бейбіт өмір әкелді, елде тыныштық орнады. Ұлы Отан соғысынан аман орталған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады. Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, туын тігіп, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ащы болса да, халық үшін қуаныш күн болды. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, болашақ ұрпақ, тарих ұмытпайды.

7 «В»сынып оқушысы
Расулова Назым.

Арман арқалаған 

  Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жылдан астам уақыт өтіпті… Әрине, бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Соғыс қаншама отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, бақытынан айырған. Біз Ұлы Отан соғысының жеңісінің ештеңеге теңеспейтін ғажап күш екендігін тарихтан білеміз. Зорлық пен қорлыққа шыдамаған қазақтың өскін жастары ел тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен. Әсіресе, Бауыржандай батыр аталарымыз өз кеудесін оққа төсеп, Москва үшін шайқаста жан аямай ерлікпен күрескені бүгінде ел аузында аңызға айналған.
  Қанды соғыстан оралмаған жас жігіттер мен қыздарға арналып жазылған дастандар мен жырлар қаншама! Солардың бірегейіндей болып кеткен Расул Гамзатовтың «Тырналар» өлеңі бүгінде ерлікке тағзым ретіндегі реквиемге айналған. Ол еліне орала алмаған хас батырларды ақ тырналарға теңеп, атамекенін қимай аспанда қалықтап ұшып жүреді деп жырлаған. Жылда көктем келген сайын аспанда ұшып бара жатқан тырналарды көрсек, сол жас, жас болса да хас батырлардың рухын, елесін көргендей сезімде боламыз.
  1945 жылдың көктемінде ата-бабаларымыз қара бұлтты жарып ұшып, өз мекеніне, кіндік қаны тамған жеріне қайтып оралған құстардай, қиыншылықтарға қарамастан, 9 мамыр күні бізге талайлардың көз жасымен келген жеңісті ала келді.
  Қазақ елі – басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Біздің ата-бабаларымыздың жанқиярлық күресі, өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі бүгінгі жауынгерлеріміз үшін мақтан тұтарлық үлгі.
  Біз – соғыс ардагерлерін көрген соңғы ұрпақпыз.. Бұл тағылымды кейінгілерге жоғалтпай жеткізу – біздің парызымыз. Суықта мұз төсенген ата-бабаларымыздың, арман арқалаған ақ тырналардың ерлігін ешқашан да жадымыздан шығармауымыз керек!

8 «Ф» оқушылары

Өмірбекқызы Мөлдір, Буленбай Нұрсәуле.