Көкшетауда «Young Explorers-2022» зерттеу курсы басталды

Көкшетау қаласындағы NIS-те «Young Explorers-2022» зерттеу курсының салтанатты ашылуы өтті. Мәжіліс залында қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылды. Курсқа еліміздің Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 8-9 сыныптарының 44 оқушысы мен 22 мұғалімі келді. Әр мектептен 2 оқушы мен 1 жетекші аталған шараға қатысады.

– Бұл курс экологиялық жағдайды, қоқыстың қоршаған ортаға әсерін зерттеуге бағытталған. Балалар осы курстан кейін жүргізген зерттеу жұмыстарын ары қарай ғылыми жоба ретінде дамытып, жетілдіріп ұсынатын деңгейге жеткізеді деп ойлаймын. Болашақта оқушылар қоқыстың картографиясын да жасайды, – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерболат Едрисов.

Бүгін оқушылар «Табиғатты аялайық» экологиялық акциясы аясында Қопа көлінің жағалауындағы қоқысты жинап, сұрыптап, зерттеу жасады. Сондай-ақ, «Зияткер, алға!», «Көкшетау» ойындарына және «Старт-Азарт» спорттық эстафетасына қатысып, курс жетекшісімен жұмыс жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, курс жетекшісі –  «National Geographic Society» жанындағы мұғалімдердің Консультативтік кеңесінің мүшесі Алисия Прэссел.

Ертең қатысушылар Щучье – Бурабай курорттық аймағына экскурсияға шығып, түрлі мәліметтер мен деректер жинайды.

IMG_6189IMG_6168IMG_6140IMG_6106IMG_6064IMG_6053IMG_6043IMG_6039IMG_5994IMG_6030