Көкшетау NIS оқушылары үздіктер қатарында!

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Caspian Startup-2022» халықаралық стартап жобалар байқауы өтті. Нәтижесінде, Көкшетау қаласындағы NIS оқушылары Асанәлі мен Диасәлі Кәрім, Жарасар Дәулет пен Дильназ Таспулаева жүлделі 2-орынды иеленді.

Аталған дәстүрлі байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Ақтық кезеңге қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу» және «Туризм» номинациялары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды.

Көкшетау NIS оқушылары «Komek app» жобасын әзірлеп, сәтті қорғап шықты. Бұл – көмекке мұқтаж адамдар мен волонтерлерді біріктіретін сервис.

– Бұл сервис арқылы көмекке мұқтаж жандар мен волонтерлер бір-бірін «таба алады». Бұл қондырма көптеген іс-әрекеттерді анағұрлым жеңілдетті. Біз шын мәнісінде жақсы мобильді қосымша жасап шығардық, – деп атап өтті жоба қатысушысы Диасәлі Кәрім.

Жүлдегерлер өз жобаларына Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын және өзге де бағалы сыйлықтар иеленді.

– Стартап жобалар байқауында жоғары нәтижеге қол жеткізгеніміз бізді қуантты. Жобаны жасау барысында біз барлығын жан-жақты зерттедік. Біздің команда жүлделі орын иеленетініне сенімді болды. Себебі, топтың әрбір мүшесі іріктеу кезеңдерінен бастап-ақ барын салды. Ақтауда дайындықпен бірнеше ұйқысыз түндерді өткердік. Нәтижесінде, 2-орын иегері атандық. Шараны ұйымдастыру мен өткізілуі ұнады, – деді жоба жетекшісі Асанәлі Кәрім.

Айта кетейік, «Caspian Startup-2022» байқауының қатысушылары үшін Маңғыстау өңірінің киелі жерлеріне экскурсиялар, психологиялық тренингтер, шығармашылық шеберлік сағаттары мен спорттық ойындар ұйымдастырылды.

0T7A34960T7A36780T7A40230T7A5549