ҚАНАТ ҚАҚҚАН ТҮЛЕКТЕР!

   Бүгін Көкшетау қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үшін ерекше күн. Білім ордасы мерейтойлық оныншы түлектерін үлкен өмірге шығарып салды. Оныншы рет мектеп қабырғасында қоштасу вальсі орындалып, оныншы рет соңғы қоңырау соғылды.

Осыдан тура 12 жыл бұрын тұлымдары желбіреп мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер бүгінде ақыл тоқтатқан жасөспірімдер. Олардың алға қойған мақсаттары айқын, жоспарлары анық. 12 жылда алған білімдерінің нәтижесі ретінде әрқайсы қалаған ЖОО оқуға түсіп, сүйікті мамандықтарын меңгеруді жоспарлап қойған.

Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерді, осынау маңызды күнмен ұстаздар мен ата-аналарды  мектеп директоры Зульфия Уразбекова құттықтады.

«Біздің оқушылар білімді, өнерлі, дарынды, жан-жақты тұлғалар. Құрметті түлктер, біз сіздердің әр жетістіктеріңізбен мақтанамыз. Әрқайсыңыздың болашақта үлкен азамат пен азаматша болатындарыңызға сенімдіміз. Қашан да биіктерден көріне беріңіздер. Ата-аналарыңыздың, мектептің, еліміздің мақтанышы болыңыздар»,-деген білім ордасының басшысы түлектерге жылы лебізін білдірді.

Биыл білім ордасын 62 түлек тәмамдап отыр. Олардың 6 ерекше үлгідегі аттестат иегері болса, 3 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Сонымен қатар, бұл жылғы түлектеріміз талай рет республикалық, халықаралық деңгейдегі олимиадалар мен ғылыми жобалар байқауына қатысып, жүлдегер атанған. Сыртқы халықаралық емтихан нәтижесі бойынша 7 оқушы барлық пәндер бойынша ең жоғары бағаға қол жеткізіп, сыртқы жиынтық бағалаудың жалпы қорытындысы 91% құрады. Түлектерге жоғары мектепті бітіру туралы аттестатты мектеп директоры Зульфия Уразбекова табыстады.

Алтын ұя мектептерімен тебірене қоштасқан оқушылардың әрқайсы бұл күнді асыға күткенмен, қоштасу сәтінің қиын екендігін, әлі де ұстаздарына еркелеп, мектепте жүре бергілері келетінін жасырмады.

Ата-аналардың, ұстаздардың орындауларындағы әсем әндер түлектердің жүректерін елжіретпей қоймады. Көңілдері босап, көздеріне еріксіз жас алған бозбалалар мен бойжеткендер алтын ұяларына, аяулы ұстаздарына деген алғыстарын, ыстық ықыластарын жеткізді.

«Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түсу өмірімдегі өте маңызды шешімдердің бірі болды. Және мен ол үшін ешқашан өкінген емеспін. Алтын ұямызда өткен әрбір сәт менің жүрегімде мәңгі сақталады», – дейді Айбар Алпысбаев.

12 жыл 12 күндей қас пен көздің арасында өте шықты. Енді біздің түлектерімізді жаңа өмір, өзгеше бастамалар мен талаптар күтіп тұр. Түлектерге қадамдарыңыз сәтті, әр бастамаларыңыз жемісті болсын демекпіз.  Салтанатты жиын соңғы қоңырауды соғу рәсімімен аяқталды. Соңғы қоңырауды соғу құрметі «Алтын белгі» иегерлері Дильназ Аушахимоваға, Даниил Огнев пен Мұхамед Сағынтайұлына берілді.