Жазғы мектеп – 2022: бастауыш сынып

Көкшетау NIS-тің бастауыш сынып мұғалімдері биылғы «Жазғы мектепті» ерекше ұйымдастырды. Олар «Үйрен! Зертте! Құрастыр!» атты кіріктірілген курс бағдарламасын құрастырды. Бағдарламалар «STREАM», «STEАM» бағыттары бойынша жасалды.

4-сынып оқушыларымен «Менің робот досым» атты ортақ тақырып бойынша қызықты сабақтар өтті. Қазақ тілінен роботты зерттеп, математикада құрылысы бойынша есептер шығарса, өнер сабағында макетін құрап, информатикада толыққанды робот жасады. Пәндердің өзара байланысы оқушылардың қызығушылығын арттыра түсті.

Ал 3-сынып оқушылары «Көне сағаттар әлемі» ортақ тақырыбы бойынша сабақтарда сағаттардың шығу тарихы және түрлерімен танысып, көне және заманауи сағаттардың макеттерін жасаса, «Менің жеке күнделігім» тақырыбы бойынша өткізілген сабақтарда оқушылар күнделік түрлерімен танысып, математикалық есептеулер жүргізе отыра күнделіктер құрастырды. Ал «Ғылымға кіріспе» пәнінде оқушылар тәжірибелер жасап, зерттеу қабілеттерін жетілдіре түсті.

Сонымен қатар әуенді таңғы жаттығу, «Көңілді нота», «Спорт» сынды сабақтар оқушылардың шығармашылығын шыңдады. Жазғы мектеп балаларға жақсы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың зерттеу және шығармашылық қабілеттерін арттырды.

IMG_4535IMG_4529IMG_4533